21.10.2021 _ 16:50

Мұғалім тек оқу-тәрбие процесімен ғана айналысуы керек. Білім және ғылым министрі – педагогтарды қоғамдық жұмыстарға тартуға әуес жандарға

«Педагог мәртебесі туралы» заң бар және ол бәріне ортақ. Құқық бұзушылар өз жазасын алады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БҒМ басшысы ведомствоның қағидаттық ұстанымын жеткізді. Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің сенбілікке шығуы туралы белгілі болған соң, комиссия жеке тергеу жүргізіп, оқиғаға қатысы бар адамдар «өзіне тән емес функцияларға тартқаны үшін» жазаланғанын айтты.

«Біз алдағы уақытта қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту қажет деп санаймыз. Сонымен қатар, алдағы уақытта мұндай фактілер болмауы үшін өңірлердегі әріптестерімізге хат жолдадық. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек: «Педагог мәртебесі туралы» заң, қабылданған нақты жазылған нормалар бар. Барлық мемлекеттік қызметшілер, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары осы заңнаманы сақтауға міндетті. Мұғалім тек оқу-тәрбие процесімен ғана айналысуы керек. Оны өзіне тән емес функцияларға тарту қатаң түрде тоқтатылуы керек. Алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартатын боламыз. Қысқа уақыт ішінде 200-ден астам түрлі лауазымды тұлғаны бұрын-соңды болмаған жауапкершілікке тарттық деп айта аламын, олардың кейбірі жұмыстан шығарылды, бір бөлігі әкімшілік жауапкершілікке – айыппұл төлеп, тәртіптік жауапкершілікке тартылды. «Педагог мәртебесі туралы» заңның орындалуы бойынша ымырасыз ұстанымды біз алдағы уақытта да ұстанатын боламыз», - деп атап өтті спикер.