25.10.2021 _ 12:20

Қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі үштен бірге төмендеді. 10 мыңға жуық қылмыс жаппай бейнебақылау арқылы ашылды

Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жобалардың ішінде барлық қоғамдық маңызды орындарды жаппай бейнебақылаумен қамтуды ерекше атап өтуде. Көп жағдайда камералар жазбасы құқық бұзушылықтың жалғыз дәлелі болып табылады. Бейнебақылау қылмыстың ізін суытпай ашуға, айғақтарды жинауға ғана емес, оның алдын алуға да көмектеседі. Қазір республика аумағында 625 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қолданыста, оның 100 мыңға жуығы Жедел басқару орталығына шығарылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлімдеді.


Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында ғана камералардың көмегімен республика бойынша 9 913 қылмыс ашылды. Мысалы, биыл тамыз айында Қосшы қаласында бейнекамераның көмегімен мемлекетаралық іздеуде болған қылмыскер ұсталды. Петропавлда өтіп бара жатқан адамның телефонын қолынан жұлып алып кеткен жасатар бір тәулік ішінде анықталды.  


«Әр облыста бейнебақылау көмегімен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жедел ашу статистикасы тұрақты түрде жарияланады. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстарды талдау олардың 2019 жылы 14%-ға, 2020 жылы – 51%-ға (пандемияға байланысты карантиндік шаралар әсер етті) және 2021 жылдың 9 айында - 29,8%-ға төмендеуін көрсетті. Барлық аулаларда, сауда орталықтарында, алаңдарда, мектептерде, балабақшаларда, спорт кешендерінде камералар орнатылған. Қазір біз әрбір камераны Жедел басқару орталықтарына шығаруды көздеп отырмыз. Жаппай бейнебақылау жобасы белсенді түрде дамитын болады. Біз 100 тұрғынға 15 бейнебақылау камера келетін халықаралық тәжірибені зерттедік, осы көрсткішке жету үшін республика бойынша шамамен 2 миллион 795 мың бейнекамера қажет», - деді спикер. 


Айта кетейік, уақыт өте келе әртүрлі меншік орындарында орнатылған барлық камералардан бейне ағыны полицияға түседі.