25.10.2021 _ 15:40

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған – Экология министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, министрлік «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын әзірледі. Ұлттық жоба халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, құжат төрт негізгі бағыттан тұрады. Жалпы, Ұлттық жоба 11  міндеттен тұрады, олар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалған.

«Бірінші бағыт - «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағыты табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану мақсатын қойып отыр. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты биоәртүрлілікті сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту болып табылады. Төртінші бағыт - «Экология болашағы», халықтың экобілімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған. 


Әрбір бағыт бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаттарымен, сондай-ақ БҰҰ Орнықты даму мақсаттарымен өзара байланыстылығы айқындалған. Мәселен, тұрақты дамудың 17 мақсатының ішінде бұл жоба жеті мақсатты іске асыруды көздейді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде. 
Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бағытының мақсаты атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, тұйық циклдегі экономиканы дамыту және тарихи ластануларды жою, елдің су объектілерінің экожүйелерін сақтау болып табылады. Ол ластанудың жоғары деңгейі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және электр станцияларында көмірді жағумен байланысты екенін атап өтті. Осы проблеманы шешу үшін ауаның жоғары ластануы бар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы шығарындыларды 20% қысқарту жоспарланып отыр. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» шығарындыларды 54% азайту бойынша міндеттемелер алды.