26.10.2021 _ 16:00

Жануарлардың аса қауіпті ауруларының ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралары 2021 жылға арналған жоспары 90% - ға орындалды – АШМ

Республикамыздың аумағында таралу қаупі жоғары жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне аурулардың 68 түрі енгізілді, олардың 45 түрі бойынша Қазақстан қолайлы эпизоотиялық жағдайға ие, 23 түрі бойынша диагностика және вакцинация бойынша арнайы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында сөйлеген ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Абызбаев мәлімдеді.

«Республика аумағында жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы профилактикалық мақсатта вакцинация жүргізіледі. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2021 жылға 22 ауруға қарсы құстарды қоса алғанда, жануарларды вакцинациялау бойынша 154 млн.манипуляция жүргізу жоспарланған. Осы мақсатта 7,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда вакцинация бойынша 138 млн манипуляция жүргізілді, бұл 2021 жылғы жалпы жоспардың 90% - ы», - деп хабарлады АШМ өкілі.


Спикер атап өткендей, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы диагностикалық зерттеулер жүргізуді «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК жүзеге асырады.


«2021 жылы жануарлардың аса қауіпті 27 ауруы бойынша 70,3 млн диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланған. 2021 жылға арналған ветеринарлық іс-шаралар жоспарына сәйкес республика бойынша 9 айда 52,5 млн диагностикалық зерттеу жүргізілді немесе жылдық жоспардың 75%», - деді Б.Абызбаев.


Айта кетейік, жануарлардың аса қауіпті ауруларына диагностикалық зерттеулер жүргізу үшін халықаралық талаптарға сәйкес серологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық және паразитологиялық зерттеу әдістері қолданылады.