26.10.2021 _ 16:20

Құс тұмауы бойынша эпизоотикалық ахуал тұрақты - Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті

Қазақстанда құс тұмауы тіркелуде. Елімізде індеттің жойылмаған ошақтары қалды ма, әлде инфекция басқа жақтан келіп жатыр ма? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер спикерлерге осындай сұрақ қойды. ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Бауыржан Абызбаевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында құс тұмауы тіркелді. Ресми ақпарат бойынша, дерт синатропты, жабайы құстардан жұққан.
иллюстративное фото с сайта gov.kz


«2020 жылдың соңында елімізде құс тұмауының ошақтары анықталды. Солтүстік аймақтар шығынға ұшырады. Осыған орай, 2021 жылы құс тұмауына қарсы вакцинациялау 5 есеге арттырылды. СҚО, Ақмола облысындағы індет ошақтары жаңадан туған және басқа жақтан әкелген құстардан анықталып отыр. Бұл вакцинациядан өтпеген құстар. Қазіргі таңда құс тұмауы бойынша эпизоотикалық ахуал тұрақты. Аталған ошақтардан басқа індет ошақтары анықталған жоқ. Әр жағдай жергілікті атқарушы органмен және ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетімен тікелей бақыланады», - деді спикер.  


Оның айтуынша, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің стратегиясы бойынша, індет ошақтары анықталған аймақта 20 км қашықтықта вакцинация жүргізіледі. Қазақстан аумағында қауіпті жерлерді вакцинациялау жергілікті атқарушы органдардың және ғылымның ақпараты бойынша жүргізіледі.