27.10.2021 _ 10:10

«Bolashaq» қауымдастығы жаңа жобаларды қолға алды – А.Құдайберген

«Bolashaq» қауымдастығында жазда өзгерістер болды. Жаңа төраға, жаңа кеңес мүшелері сайланды. Бұрын кеңес құрамында мемлекеттік қызметкерлер көп болса, қазір оған бизнес, басқа да әлеуметтік сала өкілдері еніп отыр. Қауымдастық өз қызметін жаңа бағыттар бойынша жалғастырады. Жобалар қайта қаралып, бизнесті, іскерлікті дамыту міндеті алға қойылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Bolashaq» қауымдастығының кеңес төрағасы Алмас Құдайберген мәлім етті.


«Осыған орай, «Bolashaq» қауымдастығы болашақты қолдау бойынша бірнеше жобаны қолға алды. Атап айтқанда, менторлық жоба және «Bolashaq» бизнес форумын өткізу. 5 қарашада бесінші бизнес форум өтеді. Оған Қазақстанның беделді кәсіпкерлері қатысады. Кезінде «Bolashaq» ассоциация ретінде құрылған қаржы грант ретінде ұсынылған, қазір мақсатымыз өзгеріп, қаржы грант емес инвестиция ретінде берілетін болды. Біз еліміздің беделді азаматтарының ішінен таңдаған 10 бизнес періште жаңа кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Бизнес идеяңыз болса, жобаға қатысыңыздар», - деді А.Құдайберген.  


Оның мәліметінше, «Bolashaq» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам адам шетелде білім алды. Олардың барлығы Қазақстанға келіп, жұмыс істеуде. Бүгінде әр салада әр мамандық бойынша клубтар құрылып, олар саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтуда.