27.10.2021 _ 13:40

Париж келісімі аясында Қазақстан шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 2030 жылға қарай 15% қысқартады

Қазақстан Республикасы жаһандық температураның 2 градустан астам өсуіне жол бермеу жөніндегі Париж келісімінің температуралық мақсатына қол жеткізу жолындағы күш-жігерді жандандыру және амбицияларды арттыру жөніндегі жаһандық күн тәртібін толық қолдайды. «Global Carbon Atlas» платформасының 2019 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстан көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша 221 елдің ішінде 21-ші, жан басына шаққандағы шығарындылар бойынша 11-ші және ЖІӨ көміртек сыйымдылығы бойынша 5-ші орында. 2019 жылы ұлттық парниктік газдардың шығарындылары 364 млн тоннадан астам болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

Оның айтуынша, климаттың өзгеруі және парниктік газдардың шығарындыларын азайту қажеттілігі ірі секторларды көміртексіздендіру арқылы әлемдік экономиканы дамыту бағытына трансформациялауға әкеледі. Париж келісімінің мақсатына жету үшін көптеген елдер көміртегі бейтараптығы мақсаты жөнінде мәлімдеуде. Халықаралық қаржы институттары төмен көміртекті технологияларды дамытудың пайдасына көмірмен байланысты жобалардан толығымен бас тартты. Бұл көмір өнеркәсібі саласына қысым жасауға әкелуде. 


«CarbonTracker» талдау орталығының зерттеулеріне сәйкес, 2015 жылдан бері салынып жатқан көмір электр станцияларының саны дүние жүзінде 84% азайған. Еуропалық Одақ 2023 жылдан бастап көміртекті қажетсінетін өнімдер импортына салынатын шекаралық көміртек салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл халықаралық сауда ережелерін түбегейлі өзгертетін болады. Париж келісімі аясында Қазақстан өзіне 2030 жылға қарай шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 15%, ал халықаралық қолдау көрсетілетін жағдайда 25% қысқарту міндеттемесін алды. Алайда, бүгінгі таңда шығарындылар 1990 жылғы деңгейден әлдеқашан асып кетті», - деді министр. 


Ведомство басшысы айтарлықтай шаралар қабылданбайтын болса, болжам бойынша жалпы шығарындылардың ұлғаюы жалғасып, 2060 жылы 473 миллион тоннадан асатынын атап өтті. 


Қазақстан Республикасының Париж келісімінің температуралық мақсатына қол жеткізуге, сондай-ақ Мемлекет басшысының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы мәлімдемесін іске асыруға үлес қосуы үшін 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу доктринасының жобасы әзірледі. Доктринаны әзірлеу кезінде нақты экономиканы модельдеу үшін ең озық TIMES, CGE және System Dynamics үлгілері қолданылды. Бұл барынша аз инвестициялық шығындар жұмсау және барынша көп экономикалық пайда алу тұрғысынан алғанда Қазақстан экономикасын көмірсіздендірудің ең оңтайлы жолын анықтауға мүмкіндік берді.