29.10.2021 _ 11:40

Ұлттық жобаны іске асыру үшін 2,2 трлн теңге бөлінеді – Б.Мусин

Мемлекет басшысының Жолдауы аясында айтылған тапсырмасын орындау «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасы әзірленді. Оның мақсаты - елімізді заманауи мемлекетке айналдыру. Цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқару, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдау, сондай-ақ цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Мусин Бағдат мәлімдеді.

Ұлттық жоба 10 бағыттан, 26 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған. 


«Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген. Біріншісі, цифрлық трансформация, ол: қызметтерді 5 минут ішінде көрсету; IT саласын дамыту; халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет құру; қолайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану; технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту; сапалы интернет пен  ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарынан тұрады. Екіншісі, ғылым. Жалпы алғанда, ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту – ғалымның басты назарында; ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру; елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру ғылым-өндіріс-бизнес; ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру», - деді Б.Мусин. 


Министрдің мәліметінше, ұлттық жобаны іске асыру үшін 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген, оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, 800 млрд теңге жеке инвестициялар тартылады.