02.11.2021 _ 12:10

Экологиялық бұзушылық үшін жауапкершіліктен жалтару бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін - сарапшы

Экологиялық бұзушылық үшін бұрын қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған болатын. Неге жаза бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруға ауыстырылды? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спикерлерден осы жайлы сұрады. Норманы ҚР ЭГТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Фариза Раисова түсіндіріп өтті.
Экологиялық бұзушылық үшін жауапкершіліктен жалтару бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін - сарапшы

«Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға жаза тағайындаудың жалпы қағидаларына сәйкес,  ерекше бөлімде белгіленген баптар шегінде әділ жаза тағайындалады. Бірақ егер адам кінәлі деп танылған баптың санкциясында жазаның балама түрлері көзделген болса, сот онша қатаң емес жаза тағайындау мәселесін қарайды. 

Бірақ, егер үкім шығарылғаннан кейін адам тағайындалған әділ жазаны орындамаса немесе орындаудан жалтарса, онда ол бұрын үкім шығарылған бапта көзделген анағұрлым қатаң жазаға ауыстырылуға тиіс. Мысалы, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда, өтелмеген мерзім бас бостандығын шектеудің 1 күніне бас бостандығынан айырудың 1 күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады», - деді спикер жаңашылдықтарды түсіндіре отырып.