04.11.2021 _ 13:10

Ақтөбе облысында соңғы 3 жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысы жөнінен көшбасшылардың бірі. Биыл өңірде 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Үй кезегіне тұрғандардың мәселесі қалай шешілуде? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер облыс әкіміне осындай сұрақ қойды. Оңдасын Оразалин өңірде соңғы 3 жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілгенін атап өтті.
иллюстративное фото с сайта khabar.kz

Биылдың өзінде 1 млн 150 мың шаршы метр тапсыру көзделген. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама арқылы салынып жатқан үйлер кезекте тұрған адамдарға берілуде.  


«Бұл жерде пародокс жағдайды байқауға болады. Пәтер неғұрлым көп берілген сайын кезек саны соғұрлым артып келеді. Қазіргі таңда облыста кезекте 33 мың адам тұр. Қала бойынша - 24 мыңнан астам адам. Бұл мәселені шешу үшін мынадай ұсыныс жасадық. Үкімет өз тарапынан қолдап отыр. Ақтөбеде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі құрылыс саласы. Жеке кәсіпкерлер өздері салып жатқан үйді бізге сатып алуға мүмкіндік берсе. Себебі біз құрылыспен айналысатын болсақ, кемінде 2-3 жыл өтеді. Біраз қаражатты дайын үйлерді сатып алуға бөлу туралы рұқсат сұрадық. Қазіргі таңда заң аясында ережелерге өзгерістер енгізілмек.

Келесі жылдан бастап үйге бөлінген қаражаттың бір бөлігіне құрылыс жүргізіп, бір бөлігіне дайын пәтерлер алып кезекте тұрған адамдарға таратамыз деп ойлаймын», - деді өңір әкімі.