04.11.2021 _ 13:30

Мектептерде үш ауысыммен оқу мәселесі шешіліп келеді – Ақтөбе облысының әкімі

Көптеген өңірлерде үш ауысымды мектептер мәселесі және мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр. Ақтөбе облысындағы жағдай қандай? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңдасын Оразалин журналистердің осы жайлы сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, үш ауысымдық мектептер проблемасы бар, бірақ бұл Ақтөбе өңіріндегі халық санының өсуі мен бала туудың оң динамикасынан болып отыр.
иллюстративное фото с сайта

«Ақтөбе қаласында тұрғындар көп шоғырланған аудандарда, 3-4 мың балаға дейін оқитын мектептерде осы проблема кездеседі. Ақтөбеде қаласында 12 мектептің 9-ы 3 ауысыммен оқыса, бесеуінің проблемасы шешілді. Келесі жылы қаладағы дайын мектептерден орын тауып беру қиындау, сол себепті мектеп қасынан бір ғимарат қосымша салып беру арқылы шешу немесе жаңадан салынып жатқан тұрғын алаптарында салу қарастырылуда. Жеке инвесторларды тартып, оларды мемлекеттік тапсырыс, қаржы орталығы арқылы қаржыландыру жолдары шешіліп жатыр. Солардың күшімен тағы ірі 2-3 мектеп салу көзделген. Бұл проблема қаланың ішінде ғана бар. Ауылдық жерлерде бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді, - деді облыс әкімі өз жауабында.