05.11.2021 _ 11:50

Азаматтық істердің шамамен 20% тараптардың татуласуымен аяқталады - ҚР Жоғарғы Сотының ресми өкілі

Қоғамдық қатынастардың, сот процестерінің барлығы әділдік пен заңдылық ұғымдарының шеңберінде туындайды. Ең басты қағидат – адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары және мемлекеттің сот жүйесінде алар орны. Сот жүйесі үшін ең басты мақсат – қоғамның сотқа деген сенімін арттыру. ҚР Жоғарғы Сотының ресми өкілі Айдос Сәдуақасовтың айтуынша, 2018 жылдан бастап сот жүйесіне жобалық менеджмент элементтері енгізілді. Ең алдымен, сот ұйым ретінде қарастырылды. Кез келген ұйым секілді онда да 3 кезең бар: «кіріс – процесс – шығыс». Кіріс - сотқа түсетін істер; жаңа судьялық кадрлардың келуі; соттардың инфрақұрылымы мен сервисі. процесс – сот ісін жүргізу кезеңі. Шығыс – бұл қорытынды сот актілері. Сарапшылармен бірлесіп, осы үш кезең бойынша жан-жақты, егжей-тегжейлі талдау жүргізілді.

«Кірісте» не көрдік? Біріншіден, келіп түсетін істердің 70%-ға жуығы шындап келгенде сотсыз-ақ шешілетіні белгілі болды. Демек, судьялар басы артық жұмыспен айналысып келген.  

  Екіншіден. Жаңа судьялардың жеке қасиеттері мен кәсіби деңгейіне қатысты қоғамда түрлі сұрақтар туындады. Үшіншіден, соттардың ғимараттары мен сервистері заман талабына сай болмады. Осы мәселелерді шешу үшін 30-дан астам заң қабылданды, судьяларды іріктеу жүйесі күшейтілді, соттардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Нәтижесінде, әлсіз заңгерлердің судьялық мансапқа жолы жабылды. Осыған байланысты қазіргі таңда 300 астам вакансия бар, бұл барлық судьялық штаттың 13% құрайды. Біздің ұстаным мынадай – кездейсоқ адам судья болғанша, оның орны бос болғаны жақсы. Сонымен қатар, азаматтық істердің 20% жуығы тараптардың татуласуымен аяқталуда. Сот шешімдері мен үкімдері қоғамға неғұрлым түсінікті бола түсуде. Нәтижесінде жоғары сатыға түсетін арыз-шағымдар саны едәуір азаюда», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде.