10.11.2021 _ 16:40

COVID қарсы вакцина әйелдердің жүкті болуына, жүктілікке немесе ЭКО-ның нәтижелілігіне әсер етпейді – репродуктолог-дәрігер

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша клиникаларда ЭКО өткізу кезеңдері қандай? Бөлінген қаржы қайда жұмсалады? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте медицина магистрі, репродуктолог-дәрігер, Нұр-Сұлтан қаласының «Экомед» клиникасының директоры Алмаз Ибрагимов осы жайлы баяндады. Оның айтуынша, емделуші орталыққа келгенде дәрігерлер оны тексеріп, қандай әдістің тиімдірек болатынын анықтайды. Бұл бағдарлама бойынша негізгі 4 түрлі емдік әдіс қаржыландырылады. Атап айтқанда, қысқа аналық бездерді ынталандыру бағдарламасы бойынша классикалық ЭКО немесе егер ер азамат жағынан көрсеткіштер бар болса, осы аналық бездерді ынталандыру бойынша қосымша ICSI әдісі, сондай-ақ, ұзын аналық бездерді ынталандыру бойынша классикалық ЭКО немесе ICSI әдісі. Аналық бездерді ынталандыруға қажетті дәрілік заттарға жұмсалатын қаржы емдік шараның 50-60% құрайды.

«Одан бөлек, аналық ұрықты алу, оны ұрықтандыру, өсіру және аналық жатырға енгізу кезеңіне дейін емдік шаралардың барлығы мемлекет жағынан бөлінген қаржыға жүзеге асырылады. Жоғарыда айтылғандай, ЭКО-ның нәтижелілігі елімізде алдыңғы қатарлы еуропалық елдерден қалыспайды. Үйге бала алып келу көрсеткіші 30% құрайды. Жүкті бола алмағандар қайта тіркеліп, бағдарламаға қатыса алады. Бір бағдарламада бірнеше эмбрион шығуы мүмкін. Артық қалған эмбриондарды қатырып қойып, келесі жылға дейін күтпей, 1-3 айдан кейін тек қана жатырды дайындап, тиімді арзан түрде дайын эмбриондарды салғызып, жүкті болып жатқан жұптар көп. Бұны кумулятивті нәтиже деп есептеуге болады. Қазіргі кезде бір рет қана жасалған аналық ұрық алынып, ұрықтандырылып салынған кездегі көрсеткіш 30% десек, кумулятивті нәтижелілік одан жоғары болуы мүмкін. Себебі іріктеліп алынған емделушілердің қалған эмбриондарының арқасында бірнеше бала дүниеге келуі мүмкін. Бір жанұяда бір рет алынған эмбрионнан 2-3 бала туылуы мүмкін. Сондықтан бұл бағдарламаның ары қарай нәтижелілігі артады», - деді спикер. 


Оның сөзінше, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында аналық ұрықтың сапасы төмен болған жағдайда, донорлық аналық ұрықты, қосымша донорлық аталық ұрықты пайдалануға болады. Сонымен қатар, «сурогаттық ана» бағдарламасы әзірленді және жас бойынша шектеу жоқ.   


Репродуктолог-дәрігер COVID қарсы вакцина әйелдердің жүкті болуына, жүктілікке немесе ЭКО-ның нәтижелілігіне ешқандай әсерін тигізбейтінін атап өтті. Бұл әлемде жүргізілген көптеген зерттеулермен дәлелденген.