11.11.2021 _ 17:10

Жыл соңына дейін Алматы облысында 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, беріледі

Құрылыс саласында «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, соның 835,4 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Қазіргі кезде 1824 пәтерлі 271 тұрғын үй салынуда, тұрғындардың жартысына жуығы қоныстанып үлгерді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұрғын үй саласындағы көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, құрылысшылар да өз үлесін қосуда.

«Бүгінгі таңда 1307 отбасы пәтер алды, оның ішінде 327 - көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда осал отбасылар. Облыста орталық сумен қамтамасыз ету деңгейі республикадағы жоғары көрсеткіштің бірі және 98,3%-ті құрап отыр. Биыл 99,5% жеткізіп, 678 елді мекен қамтылады. Елді мекендерді газдандыру және негізгі жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру бойынша жұмыстар жалғасуда.  Өткен жылы облыс халқының 59%, яғни 1,2 млн адамның газға қол жеткізуі қамтамасыз етілді. Биыл тағы 13 елді мекенді қосу арқылы бұл көрсеткішті 61% жеткіземіз. Өткен жылы Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылған, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстырылып жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандықтар орнатылуда. Бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады», - деді облыс басшысы.  


Талдықорған қаласының экологиясын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен газбен жүретін 55 жаңа автобус сатып алынып, қала маршруттарына шығарылды. Оған 2,3 млрд теңге бөлінді. Биыл облыстық маңызы бар 316 шақырым жол және 154 елді мекеннің ауылішілік жолдары жөнделді, оған 47,3 млрд теңге бөлінді. 


Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдар үлесі 89% жетеді.