11.11.2021 _ 17:40

Баспана - ынталандыру ретінде. Алматы облысында медицина қызметкерлерінің тапшылығы мәселесі кешенді шешілуде

Денсаулық сақтау саласында биылғы жылы үш ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды, ал жалпы барлығы жеті нысан салынуда. Алматы облысында дәрігер жетіспеушілігі мәселесін болдырмау үшін медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеді.

«Жыл басынан бері оларға 127 пәтер берілген, жыл соңына дейін тағы 64 дәрігер баспана алады. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында төрт ауылдық мәдениет үйі жөнделген, үш саябақ ашылған, Талдықорған қаласы мен Үштөбе теміржол вокзалының жанындағы скверлер абаттандырылды. Спорт саласы бойынша өңірде 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, соның екеуі биыл Балқаш және Райымбек аудандарында пайдалануға берілді. Тағы 4 ДСК құрылысы жүргізіліп жатыр», - деді спикер. 


Айта кетейік, Талдықорған қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ жабық жүзу бассейні ашылды. Қазір онда мыңнан аса бала жүзумен айналысады. Қосымша тағы 2 мың бала қабылданады. Бассейн салу - әлеуметтік нысандар құрылысындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің жемісі.