12.11.2021 _ 16:00

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы балаларды вакцинациялау және Pfizer вакцинасының қауіпсіздігі туралы айтты

Бүгінгі күні вакцинаның 16,2 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1-компонентпен 8 501 375 адам егілді, бұл егілуге тиісті халықтың 74,6%-ын құрайды. Екінші компонентпен 7 777 468 адам қамтылды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакцинациялау науқаны туралы баяндады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы балаларды вакцинациялау және Pfizer вакцинасының қауіпсіздігі туралы айтты

Министрлік «Pfizer» компаниясының «Comirnaty» вакцинасының 4 млн 230 мың дозасын сатып алды, бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. 


«Республикаға 379 мың доза көлемінде бірінші партиясы жеткізілді, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакцинациялау үшін ұсынады. Жасөспірімдерді вакцинациялауға білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің ақпараттандырылған жазбаша келісімімен ғана жол беріледі, ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша жасөспірімдер медициналық ұйымның егу пункттерінде егіле алады», - деді Алексей Цой. 


Ал вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне келсек, сақтау мен тасымалдаудың әртүрлі деңгейлерінде «суық тізбек» қамтамасыз етіледі. Comirnaty/Pfizer вакцинасын сақтау ерекшеліктерін ескере отырып, вакцинаны сақтау және тасымалдау ережелерін сақтау бойынша шаралар қабылданды.

 
«Облыстық қоймада вакцина 60-90 градус температурада сақталады. Вакцина 6 дозалы, әдеттегі тоңазытқыш жағдайында, яғни егу пункттерінде +2 - +8 температурада вакцинаны басқа инфекциялық ауруларға қарсы қолданылатын вакциналар сияқты 31 күн сақтауға болады. Вакцина білім беру ұйымдарында 1 жұмыс күніне арналған шығынды ескере отырып, термоконтейнерлерде тасымалданады. Вакцинация бірінші дозаны алғаннан кейін 21-ден 28 күнге дейінгі аралықпен екі рет жүргізіледі. Әлемдік тәжірибеге сәйкес балаларды вакцинациялау әлемнің 30-дан астам елінде жүргізілуде, оның ішінде 15-тен астам елде балаларды вакцинациялау үшін «Pfizer» вакцинасы пайдаланылады. Негізінен 12 жастан асқан балалар егіледі, алайда жекелеген елдерде вакцинация, мысалы Қытайда 3 жастан және АҚШ-та 5 жастан бастап жүргізілуде», - деді еліміздің бас дәрігері.  


Бүгінгі күні әлемде коронавирустық инфекцияға қарсы 60 миллионнан астам балалар мен жасөспірімдер егілді.