18.11.2021 _ 11:40

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сыр елі қарқынды дамып, индустриалды-аграрлық өлкеге айналды – Қызылорда облысының әкімі

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттерді орындау аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы айтып берді. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сыр елі қарқынды дамып, индустриалды-аграрлық өлкеге айналды.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағыттағы тапсырмаларына сәйкес бұл жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11-дан 30% дейін, ал ауыл шаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9-дан 6,3% дейін артты. Күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштерден 1,5 есеге өсті. Облыс жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қатарында. 30 жыл ішінде 8 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Берілген тұрғын үйлердің көлемі 1991 жылғы 260 мың шаршы метрден бүгінде 600 мың шаршы метрге дейін жетті. Халықтың 97% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Өңір бүгінде жоғарғы көрсеткіштердің бірін көрсетуде. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 2,5 есеге артты», - деді облыс басшысы. 


Г.Әбдіқалықова атап өткендей,, жүздеген әлеуметтік нысан бой көтерді, оның ішінде облыстық медициналық, диагностикалық, перинаталдық, мүгедектерді оңалту және басқа орталықтар бар. Спорт инфрақұрылымы нысандарының саны 3 есеге, ал дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 6 есеге артты. 30 жыл ішінде 500 мыңнан астам бала дүниеге келсе, халықтың саны 592 мыңнан 824 мыңға дейін көбейіп, ал өмір сүру ұзақтығы 8 жылға артқан.