18.11.2021 _ 12:20

Г.Әбдіқалықова: Балық өнімдерінің экспорты 2 есе өседі

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мал шаруашылығында бүгінде мал саны 1991 жылғы деңгейден асып отыр. Жайылымдық жерлердің тиімділігін арттыруға және шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылады. Ол үшін пайдаланылмаған жайылымдардағы 452 су көзін жөндеу жоспарланған. Бұл шамамен 1,7 млн гектар жерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

«Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы айналымына 60 мың га жерді алу жоспарланса, оның 56,5 мың гектар жері алынды. Құрғақшылық салдарынан Арал ауданында малдың жаппай қырылуы бізге елеулі сынақ болды. Суармалы судың жетіспеуіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жедел шаралар нәтижесінде жағдай тұрақталды. Малшыларға көмек ретінде жем шөппен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, суат мәселесін шешуге, жайылымдарды, шабындықтарды суару және көл жүйелерін суландыру мәселелерін шешуге 600 млн теңге бөлінді», - деді Г.Әбдіқалықова.  


Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы тауарлық балық көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізе отырып, 100 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді, ал балық өнімдерінің экспорты 2 есе - 8,5 мың тоннаға дейін өседі.