18.11.2021 _ 13:20

Шаруалар жем-шөппен 100% қамтамасыз етілген – Г.Әбдіқалықова

Қуаңшылық мәселесіне қатысты проблемалар өңір үшін өзекті. Малдың өлімін қалай тоқтаттыңыздар? Бұл жағдай келер жылы қайталанбай ма? Дайындықтарыңыз қалай? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға осы жайлы сұрады. Өңір әкімі судың аз боулына, қуаңшылыққа байланысты Арал ауданында осындай жағдай орын алғанын жеткізді. Жалпы саны 596 мал басының шығыны тіркелген. Осыған байланысты ауданда төтенше жағдай жарияланған болатын.

«Қуаңшылық зардабын жою үшін облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы бірінші кезекте су жүйелеріне қатысты шығындарға, сондай-ақ, биыл жем-шөптің қымбаттауына байланысты көлік шығынын өтеуге 50 млн теңгеге жуық жұмсалды. Сонымен қатар, үкіметтен 1,7 млрд қаржы бөлінді. Бұл қаржы малшыларға жем-шөптің бір бөлігін субсидиялау үшін берілді. Ақша тамыз айында бөлініп, қыркүйек айында автоматтандырылған жүйеге енгізілген облыс бойынша барлық малшыларға үлестірілді. Бұдан бөлек, меценаттар, көрші облыстар да жақсы көмектесті. Соның арқасында аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуге, ұңғымалар қазуға, «Аспай» су ағытқысын қайта өңдеуге жұмсалды, одан басқа аз қамтылған 40 отбасына жаңа үйлер берілді. Сондай-ақ, Жамбыл облысынан 19 вагон жем-шөп келді, Түркістан, Ақтөбе облыстары қол ұшын созды. Қазіргі кезде өзге өңірлермен жер пайдалану мәселесі бойынша келісімдер жасалуда», - деді облыс әкімі. 


Г.Әбдіқалықова өңірде жағдайдың тұрақты екендігін атап өтті. Бүгінде шаруалар жем-шөпті 100% дайындады.