19.11.2021 _ 12:40

Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жұмыстары атқарылуда

Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде ең басты байлығымыз - халқымыздың саны өсті. Мегаполиске айналған Шымкент қаласы қанатын жайса, Түркістан облыс орталығына айналды. Бұл - Тәуелсіздіктің айтарлық бір жемісі. Елдің, келген мыңдаған қонақтардың айтуы бойынша көне қаланың бүгінгі келісті келбетіне, сән-салтанатына, оның рухани бағыт-бағдарына көз қуанып, көңіл көтеріледі. Бүкіл түркі дүниесінің теңдессіз тарихи жәдігер киелі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орын тепкен қасиетті мекен бүгінде рухани және мәдени, туризм кластеріне айналған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жұмыстары одан әрі жалғасады.
Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жұмыстары атқарылуда

«Арнайы кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметпен бекітілді. Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы соңғы 3 жылда 536 жоба іске асып, оның 251 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын даңғылдар қайта жөндеуден өтті. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Газ мәселесін айтатын болсақ, бұған дейін табиғи газбен қамту деңгейі 15% болса, бүгінгі таңда қала аумағын көгілдір отынмен 100% қамтамасыз етіп отырмыз», - деді спикер. 


Облыс әкімінің айтуынша, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, арнайы Жасыл белдеу құрылып, қазіргі таңда 13 мың га жерге 3,5 млн түп ағаш егілді.