19.11.2021 _ 12:50

Түркістан 4 аумақта дамиды – облыс басшысы

Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Түркістан қаласын одан ары қарай дамуының 2-кезеңінің кешенді жоспарына өзгертулер енгізіліп, үкіметпен бекітілді. Түркістан 4 аумақта дамиды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев хабарлады.
иллюстративное фото с сайта inform.kz

«Бірінші аумақ, аэропорт аумағы. Онда 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде, қонақ үйлер, қызмет көрсететін арнайы нысандар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. 2-аумақ - Әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жоба салынбақ. Сондай-ақ, 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 46 мың пәтер пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау, спорт, мәдени нысандар іске қосылады. 3-аумақ Б.Саттарханов даңғылында спорт кешені, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталығы, 182 га университеттік ботаникалық бақ салынады. Соңғы, 4-аумақ - Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасады. Бұдан бөлек, Керуен Сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттедж қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығы салынады», - деді облыс әкімі.  


Ө.Шөкеев Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңгені құрайтынын, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестициялар болып табылатынын атап өтті. Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізіледі.