19.11.2021 _ 15:50

Атырау облысының негізгі капиталына салынған инвестициялар жыл басынан бері 2 трлн теңгеден асты. Бұл республика бойынша салымдардың төрттен бір бөлігі

Жыл басынан бері Атырау облысында 6,7 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Республиканың өнеркәсіп көлеміндегі өңірдің үлесі - 23%. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 545 млрд теңгеден асты. Сондай-ақ құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік және байланыс салаларында өсім байқалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов хабарлады.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері негізгі капиталға тартылған инвестициялар 2 трлн 336 млрд теңгені құрады. Бұл республика бойынша барлық инвестициялардың төрттен бір бөлігі.  

«Облыста ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, атап айтқанда: Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы; KPI ЖШС интеграцияланған газ-химия кешенінің; газ өңдеу зауытының құрылысы. Сондай-ақ, полиэтилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысын іске асыру көзделген. Іске асыру кезеңі - 2023-2027 жылдар. Бутадиен және оның туындыларын өндіру жобасы. Іске асыру кезеңі 2024-2025 жылдар. Бизнесті мемлекеттік қолдау мен дамытудың жүйелі шаралары жүзеге асырылуда. «БЖК-2025» бағдарламасы аясында облыста біздің кәсіпкерлердің 1 405 жобасына қолдау көрсетілді, бұл 10 236 жұмыс орнын сақтауға және 1 702 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 2,7% өсті. Жаңа өнім түрлерінің өндірісі дамып келеді. «KPI» зауытын пайдалануға беру жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте зауыт іске қосылғанша бизнес одан әрі қайта өңдеу бағытында жанданады. Осылайша, «Ультрастаб» және «ӨңҚ-Каспий» компаниялары полипропиленнен Геотекстиль және экструзиялық геосинтетика өндіру үшін бірлескен кәсіпорындар құрды», - деп хабарлады спикер.  


Кәсіпкерлікті қолдау Картасы аясында 9,9 млрд теңгенің 3 жобасы жүзеге асырылуда. Түйіршіктелген күкірт өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін органикалық тыңайтқыштар өндіру және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру бойынша жобалар іске қосылады деп күтілуде.