23.11.2021 _ 15:40

Мүмкінділігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық жағдайларын жасау басты міндет болып белгіленді - ҚР ЕХӘҚМ өкілі

Мүмкінділігі шектеулі азаматтардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мақсатында алғаш рет 1991 жылы «Қазақстан Республикасында мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы» ҚР Заңы қабылданды. Заң көлемінде мемлекеттік саясаттың мақсаты ретінде осы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайларын жасау басты міндет болып белгіленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүйсенова мәлім етті.


2005 жылғы 13 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданып, мүгедектерді оңалту жүйесін жетілдіруге, әлеуметтік қолдауды күшейтуге, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған осы жандарға қатысты белсенді саясатты ілгерілетуде айтарлықтай табысқа қол жеткізілді.  


«Заңмен елімізде мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың қазіргі заманғы құқықтық базасының негізі қаланды. 2015 жылғы 20 ақпанда Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Конвенцияны ратификациялау бойынша жұмысты тиімді ұйымдастыру мақсатында елімізде мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі арналған іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен іске асырылуда», - деді спикер.