23.11.2021 _ 16:30

Пандустар, индукциялық панельдер, тактильді-дыбыстық схемалар: 136 теміржол вокзалы толығымен Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтірілген

Вокзалдар мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты қолжетімді және халықаралық стандарттарға сәйкес келе ме? Бұл туралы журналистер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спикерлерден сұрады. ҚР ИИДМ теміржол көлігі және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы Елдос Нестай 136 теміржол вокзалы толығымен Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтірілгенін, бұл жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді.
иллюстративное фото с сайта inbusiness.kz

«Атап айтқанда, 114 вокзалда билет кассалары қайта жабдықталды, 155 вокзалда пандус салынды, 51 вокзалда тактильді-дыбыстық схема орнатылды, 99 вокзал мүгедектерге арналған кресло – арбалармен қамтамасыз етілді, 106 вокзал арнайы индукциялық панельдермен жарақтандырылды, сондай-ақ 19 вокзалда (Нұр-Сұлтан, Бурабай курорты, Көкшетау, Қостанай, Арқалық, Балқаш-2, Теміртау, Семей, Шар, Тараз, Шу, Луговая, Сарышаған, Қызылорда, Түйетам, Жаңақорған, Ақтөбе, Орал, Қандыағаш) баспалдақты шынжыр табанды көтергіштер бар. Тұтастай алғанда, теміржол вокзалдары бойынша сәйкестікке келтіру негізінен теміржол вокзалдарын реконструкциялау шеңберінде жүргізіледі. Мысалы, Алматы-1, Алматы-2 ірі вокзалдары, Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының вокзалдары жергілікті атқарушы органдардың балансына берілді. Тиісті меморандум бар, олар теміржол вокзалдарына күрделі жөндеу жүргізуі тиіс, онда мүмкіндігі шектеулі адамдарға қойылатын барлық талаптар ескерілетін болады», - деп түсіндірді ведомство өкілі. 


Ол мысал ретінде Қарағанды қаласының вокзалын келтірді. Өткен жылы оны қоғамдық ұйымның қатаң бақылауымен қайта құру жұмыстары аяқталды.