24.11.2021 _ 13:40

7 учаске бойынша ақылы жүйені енгізу туралы бұйрықтар күшіне енді

Ағымдағы жылдың 1 қазаны мен 15 қарашасы аралығында 4 жолақты қозғалысы бар, бірінші санаттағы республикалық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесінде жол жүру үшін ақы алу жүйесіне қорытынды тестілеу жүргізілген болатын. Атап айтсақ, бұл «Нұр – Сұлтан – Павлодар», «Қапшағай – Талдықорған», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Ташкент», «Щучинск-Көкшетау» учаскелері. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин ақылылық принциптері туралы баяндады.

Оның айтуынша, ақы алудың ашық жүйесі бойынша жолдарда ақы алу пункттері мен шлагбаумдар болмайды, бұл көлік құралдарының тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етеді. Ақылы жолдарды енгізу жолдың жүру бөлігін кеңейтумен қайта жаңарту немесе жөндеу жүргізілген автожол учаскелерінде енгізіледі. Бұл қолданыстағы заңнама аясында ақылы учаскелерде автокөлік құралдарының қауіпсіз және жоғары сапалы өтуіне жағдай жасау бөлігінде жүзеге асырылады. 


«Республикалық маңызы бар автожолдар учаскелерінде ақылылықты енгізудің негізгі мақсаты автомобиль жолдарын дамытуға және учаскелерді нормативтік ұстауды қамтамасыз етуге жұмсалған қаражатты сақтау болып табылады. Жыл сайын республикалық желідегі тегін жолдарды ұстауға бюджет қаражаты бөлінеді, ақылылыққа ауыстыру жолдарды өзін-өзі өтеуге шығаруға мүмкіндік береді, яғни республикалық бюджетке жүктемені азайтады. Автомобиль жолдарымен жүру үшін ақы алу бұл «жолды кім пайдаланады - сол оны ұстау үшін төлейді» деген әділ қағиданы қолдануға мүмкіндік беретін жалпы әлемдік тәжірибе. Барлық жиналған қаражат ақылы жол мен ұсынылатын сервис жағдайын жақсартуға жұмсалады», - деп түсіндірді спикер. 


Жол жүру ақысы есебінен ақылы учаскелер қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына сай болады.