24.11.2021 _ 13:50

Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын учаскелерде жол жүру үшін ақы алудың ашық жүйесін кезең-кезеңімен енгізу көзделген

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин Қазақстан Республикасының аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ақылы учаскелерін енгізу мәселесі бойынша хабардар етті. 2021 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы атап өткендей, «ақылы жолдарды енгізу – әлемдік тәжірибеге сай дұрыс шешім. Себебі жер көлемі үлкен елде тек бюджет есебінен жол салу мүмкін емес. Оның үстіне Қазақстан жүк тасымалынан пайда табуы керек».
иллюстративное фото с сайта gov.kz

«Осыған байланысты «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында биыл жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын учаскелерде жол жүру үшін ақы алудың ашық жүйесін кезең-кезеңімен енгізу көзделген. 

Бұдан бөлек, ақылы автомобиль жолына іргелес ауданда/елді мекенде тіркелген жеңіл көлік үшін құны 1000 теңге болатын жылдық абонемент қарастырылған. Ол 365 күнтізбелік күнге, ақылы учаскенің барлық маршрут үшін, екі бағытқа да қолданылады», - деді ведомство өкілі.  


Оның айтуынша, алымдардан түскен қаражат «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұлттық операторының шотына түседі және осы учаскелерді күтіп ұстауға бағытталады. Бұл «Автомобиль жолдары туралы» ҚР заңына сәйкес автокөлік құралдарының жүріп өтуінің қауіпсіздік талаптары мен қолайлы шарттарын толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.