24.11.2021 _ 14:00

1 категориялы жолдардың ақылы учаскелері бойынша жүру тарифтері өзгеріссіз қалады. Қазақстандағы мөлшерлеме өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен - ИИДМ

Бірінші категориялы жаңа ақылы учаскелерде жүру үшін төлем тарифтерін 2013 жылғы деңгейде қалдыру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мәлімдеді. Жол жүру құнын «ҚазжолҒЗИ» АҚ ғылыми институты есептеген, ол жолды күтіп ұстауға, жол-пайдалану техникасын қамтамасыз етуге байланысты шығыстарды қамтиды. Жеңіл көлік үшін – 1 км үшін 1 теңге; жүк және қоғамдық көлік үшін-жүк көтергіштігі мен жолаушы орындарына байланысты 1 км үшін 5-тен 25 теңгеге дейін. Аталған тарифтер ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 30 наурыздағы №429 қаулысымен қабылданды.


«Айта кетерлік жайт, Қазақстандағы мөлшерлеме өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Салыстырып қарасақ, көршілес Ресейде жеңіл автокөліктер 1 шақырым үшін 7 теңге және жүк көліктері 7-ден 55 теңгеге дейін төлейді. Белоруссияда жеңіл көліктер шамамен 20 теңге және жүк көліктері 1 км үшін 47-ден 77 теңгеге дейін төлейді.  

Еуропа елдерінде жол жүру ақысы жүк көліктері үшін 5 есе, ал жеңіл автомобильдер үшін 20 есе жоғары. Қолданыстағы тарифтер бойынша 2019 жылы тағы үш учаскеде ақылы жүйе енгізілді, «Нұр-Сұлтан-Теміртау» (134 км), «Алматы-Қорғас» (295 км) және «Алматы-Қапшағай» (42 км) және ақылы жолдардың ұзындығы 682 км құрады. Бірінші санаттағы автожолдардың 7 ақылы учаскесінде қолданыстағы тарифтер қолданылды», - деп атап өтті спикер.