24.11.2021 _ 15:40

Көп пәтерлі тұрғын үйлердің 64% басқарудың жаңа нысандарына көшті – ҚР ИИДМ өкілі

2020 жылдан бастап «бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидаты бойынша мүлік иелерінің бірлестіктері институтын енгізу жөніндегі реформа іске асырылуда. Оның маңыздылығы мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылды. 2021 жылғы 22 қарашадағы жағдай бойынша басқарудың жаңа нысандарына 29 775 КПТҮ немесе 64% көшті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаков мәлім етті.

ҚР ИИДМ мәліметінше, бүгінгі таңда 54,5 мың көп пәтерлі тұрғын үйдің 46,5 мыңы басқарудың жаңа нысандарына көшуге жатады. Шамамен 8 мың КПТҮ көшуге жатпайды. Бұл әкімдіктердің коммуналдық меншігіндегі, ұлттық компаниялар мен өзге де құрылымдардың балансындағы үйлер, авариялық немесе бос тұрған үйлер. 


«Заңға сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін ПИК-тің басқару органы ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін өтпелі нормалар қолданылады. Осы күннен кейін ПИК-ті тарату рәсімінен өту қажет. Бұл ретте ПИК мамандар мен қызметкерлердің қолда бар құрамының негізінде қазірдің өзінде сервистік және басқарушы компаниялар құра алады, сол үйлерге қызмет көрсетуге және оларды күтіп-ұстауға МИБ төрағаларымен немесе жай серіктестіктермен шарттар жасаса алады. Осылайша, ПИК-тің сервистік және басқарушы компаниялар форматына көшуі үйлерді пайдалану қызметтерінің сапасы мен кәсібилігіне жағымды әсер етеді. Бұл ретте, реформаның барлық қарсыластарын көп үйлік ПИК-тер кезінде жұмыстың ескі форматына қайтарылмайды», - деп сендірді спикер.   


Тұрғын үй қатынастары «бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидаты бойынша МИБ институты шеңберінде ғана дамитын болады.