25.11.2021 _ 11:40

Павлодар облысы Қазақстанның шикізаттық емес экспортының әрбір 8-ші долларын қамтамасыз етті

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мемлекет басшысының Жолдауы аясында өңірдің дамуы мен еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде қолжеткізілген маңызды жетістіктері жайлы айтып берді.

Оның мәліметінше, үстіміздегі жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 2,2 трлн теңге. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 60%-дан асып, өңір шикізаттық емес өндіріс көлемі бойынша республика деңгейінде 3-ші орынға тұрақтады.  


«Бүгінде облыстың шикізаттық емес экспорты республикалық көлемде әрбір 8-ші АҚШ долларын құрайды. Жалпы, 2025 жылға дейін 2 трлн теңгеден астам сомаға 186 инвестициялық жобаны іске асыру өңірдің экспорттық әлеуетін тағы 28%-ға арттыруға ықпал ететін болады»,- деді облыс басшысы. 


Сонымен қатар, өңдеу секторы машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, химия өнеркәсібі және мұнай өңдеу есебінен өсіп келеді.