25.11.2021 _ 12:00

Павлодар облысының әкімі: 7000 жуық бала мемлекеттік тапсырыс бойынша спорт секцияларымен қамтылған

Бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын насихаттау арқылы адами капиталды дамыту аса маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл бұқаралық спортқа 682 млн теңге қайта бөлінді. Жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша қазір облыста спорттың 17 түрі бойынша 315 топ, 157 секция жұмыс істейді, онда бүгінде 7 мыңға жуық бала айналысады. Бұл бастапқыда жоспарланған көрсеткіштен 3,5 есе артық. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов осындай көрсеткіштерді жария етті.

Оның айтуынша, облыс тұрғындарының спорт инфрақұрылымына қолжетімділігі арттырылуда.

«Үш жылда кем дегенде 12 ірі объекті мен 20 алаң пайдалануға беріледі. Мектеп стадиондарын кешенді абаттандыру жүргізілуде, олар спортпен айналысатындардың барлығына қолжетімді болады. Өңірде барлығы 3091 спорт ғимараты жұмыс істейді. Егер қазір облыс тұрғындарының үштен бірі спортпен тұрақты айналысса, 2025 жылға қарай жартысынан көбі шұғылданады, оның ішінде 40%-ы балалар мен жасөспірімдер болады. Тәуелсіздік жылдары мәдениет объектілерінің саны екі есе артып, 511-ді құрады», - деді өңір басшысы. 


Оның атап өтуінше,  Павлодар облысының Қазақстан халқы ассамблеясы осы жылдары өңірдегі бейбітшілік пен келісімнің тірегі болып қала береді, 23 этномәдени бірлестіктің өкілдері әрдайым облыстың қоғамдық өмірінің алдыңғы қатарында және оның дамуына баға жетпес үлес қосып келеді. Елбасы құрған институт қазақстандықтардың достығы мен бірлігін нығайтуда негізгі рөлге ие екенін Павлодар өңірі растайды.