25.11.2021 _ 14:00

Маңғыстау облысында мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге бөлінді

Төрт түлік малды жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша оңғы жылдары ауа райының қолайсыздығына, жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі ауыл шаруашылығы саласында біраз қиындықтар тудырды. Осыны ескере отырып, қысқы маусымнан шығу үшін қажет жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша мамандармен келісе отырып, шаралар қабылданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндады. Өңірде қысқы мал азығының қорын қалыптастыру үшін 77 мың тонна шөп пен 53 мың тонна жем қажет. Бүгінде өңірге 70 мың тонна шөп пен 41 мың тонна жем тасымалданды. Барлық ауданда жем-шөп жинау базалары жасақталды.

«Биыл қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің қорынан ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 1,2 млрд теңге игерілді. Яғни, ірі қараға мал басына шамамен 9200 теңге, ұсақ малға мал басына 1900 теңгеден өтемақы төленді. Бұл өтеусіз берілген қаражаттар. Бұдан басқа, азық-түлік базасының қысқы қорын жасақтауға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 1,8 млрд теңге игерілді», - деді облыс әкімі.  


Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы арқылы жем-шөпті тасымалдау құнына 75 пайыздық жеңілдік берілді. Ауыл шаруашылығы операторлары 800 млн теңгенің орнына 152 млн теңге төледі.