25.11.2021 _ 14:40

30 жылда Маңғыстауға 7,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

Маңғыстау облысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына толағай табыстармен жетіп отыр. Осы жылдар ішінде жалпы өңірлік өнім 2,2 млрд теңгеден 3,1 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.

«Тәуелсіздік жылдарында облыс халқының саны 2,2 есе өсті, осы жылдары 450 млн тонна мұнай өндірілді. Өңірге 7,2 трлн теңге инвестиция тартылды. Адамдардың өмір сүру ұзақтығы 3,5 жылға және ШОБ субъектілерінің саны 4 есеге артты. 350 мектеп пен мектепке дейінгі нысан салынды, 63 денсаулық сақтау нысаны, 693 спорт кешені мен алаңы, 35 нысан мәдениет саласында, 12 млн шаршы метр тұрғын үй тапсыру сияқты жетістіктеріміз бар», - деді облыс басшысы. 


Н.Ноғаев мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру облыстың дамуына серпін беретініне сенімін білдірді.