29.11.2021 _ 16:00

Қарағанды облысы— инвестициялық тартымды өңір

2021 жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 740 млрд теңгеге дейін жеткізіп, 14 жаңа өндіріс есебінен 2000 жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Олардың жетеуі қазірдің өзінде іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс биыл 10 айдың қорытындысы бойынша жоспарларда белгіленген көрсеткіштерден озып келеді. Негізгі капиталда 607 млрд теңгеден астам қаражат бар, оның 73% – жеке инвестициялар.

«Ел Президентінің берген тапсырмасына сәйкес моноқалалардың экономикасын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өңдеу өнеркәсібінің бірқатар ірі жобалары іске асырылуда. Мысалы, Саран қаласындағы бұрынғы РТИ зауытының алаңында Индустриялық аймақ құрылды. Қазірдің өзінде «Ютонг» маркалы автобустар шығаратын зауыт жұмыс істейді. Ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірге «KamaTyresKZ» автомобиль шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Зауыт келесі жылдың қараша айында іске қосылады. 20 қазанда ҚР Президентінің қатысуымен Жайрем кен-байыту комбинатының жаңа полиметалл фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорында жылына 5 млн тоннаға жуық кен өңделеді. Жаңа фабрика моноқалаға келешекте 100 жылға дейінгі жұмыс перспективасын қамтамасыз етеді», - деді облыс басшысы.


Сондай-ақ, мал шаруашылығындағы өндірістің артуы есебінен ауыл шаруашылығында тұрақты өсім байқалады. 

«Қиындықтарға қарамастан дәнді дақылдардың жақсы және сапалы өнімі жиналды. 940 мың тоннадан астам жоғары сапалы астық бастырылды. Оның ішінде 1 және 2 сыныпты 600 мың тоннадан астам бидай, 410 мың тонна картоп және 109 мың тонна көкөніс жиналды. Астықтың, картоптың және көкөністердің резервтік және тұрақтандыру қорлары құрылды», - деді өңір әкімі.