29.11.2021 _ 16:30

Тәуелсіздік тартуы. Қарағанды, Теміртау және Жезқазғандағы алғашқы абоненттерге газ беріледі

Жылыту маусымы жалғасуда. Қарағанды облысының барлық жылумен жабдықтау объектілері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Биыл Балқаш ЖЭО-нан Қоңырат шағын ауданына дейін магистралды жылу желілері салынды. Шахтинск қаласының Шахан кентінде орталық қазандық пен магистралды жылу желілерінің құрылысы аяқталды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып берді.

«Сондай-ақ, Қарағанды мен Жезқазғанның магистралды жылу желілерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін газ Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларының 3 мың үйіне жеткізілді. Тариф бекітілді. Ертең алғашқы абоненттер үшін Қарағанды және Теміртау қалаларында және осы аптада Жезқазғанда газ беруді бастауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Саран қаласында газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Наурыз айынан бастап Жаңаарқа, Осакаров аудандарында және Шахтинск қаласында желілердің құрылысын бастаймыз», - деді спикер.