02.12.2021 _ 11:10

Креативті индустрияны дамыту ұлттық мәдениетті ілгерілетудің басты құралы болуы тиіс - Б. Нүсіпжанова

Тарихи-мәдени мұра – әр халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес, таптырмас игілігі. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдарында тарих пен мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету жаңа көзқарас пен жаңа тетіктерді талап етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2004-2011 жылдар аралығында «Мәдени мұра» бірегей мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылғанын атап өту маңызды, бұл тарихи-мәдени мұраның кең ауқымын жүйелеуге және айналымға енгізуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өнертану кандидаты, профессор, Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры Нүсіпжанова Бибігүл мәлімдеді. «Мәдени мұра» Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жемісті гуманитарлық акцияға айналды. Халықтың бай әлеуеті көрсетілді, ұлттық мәдениет пен ғылымды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін баға жетпес тәжірибе жинақталды.


«Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан сегменттерінің бірі талантты жастардың креативті индустрияны құрудағы роліне тоқталды. Ал біз креативті индустрияларды құру және дамыту арқылы ұлттық мәдениетті насихаттауымыз керек. 
ЮНЕСКО-ның бағалауы бойынша, 2018 жылы 30 миллионға жуық адам жұмыс істейтін жаһандық креативті индустрияның кірісі 2,3 триллион долларды құрады және таяу жылдары әлемдік ЖІӨ-нің 10 пайызына жетеді. Біздің еліміз дүниежүзілік креативті индустриялар картасында өз орнын таба алады және алуға тиіс, өйткені жаһандық контекстте қазақ және кеңірек айтқанда, түркі мәдениеті ежелгі қалалардың мұрасын біріктіретін өзгеше өркениет ретінде әлі де аса қатты танылмады», - деді спикер.  


Оның айтуынша, мәдениетті, өнерді, инновацияны, технологияны, кәсіпкерлікті және инвестицияны біріктіретін шығармашылық және инновациялық кластерлерді дамытудың облыс орталықтарын дамытудағы экономикалық тиімділігі үлкен және қалалар мен аудандардың мәдени орталықтарға айналуының әлемдік мысалдары көп: Бильбао, Ливерпуль, Лондон Шоредич, Нью-Йорк Брайант Парк, Берлин Кройцберг.