02.12.2021 _ 11:40

Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі

«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттарында Елбасы прагматизмге тағы да ерекше ден қойып, оған аса маңызды құндылық ретінде назар аудартты. Прагматизм – бəсекеге қабілетті болудың кепілі. Ол осы замандағы өмірге, қазіргі тіршілікке қажетті мінездің өзегі. Прагматизм қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болуды, уақытты орынды пайдалана білуді білдіреді. Бұл туралы «Ұлттық Аударма бюросы» Қоғамдық Қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы дөңгелек үстел отырысы барысында мәлімдеді.


«Елбасы бұған дейін де, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында да прагматизмді ерекше атап, жаңа заманда ұлтымызға ауадай қажет ұстаным екендігін айтты. Прагматизм – елдің жəне жеке мүмкіндігің мен қажеттілігіңді нақты білу, оны тиімді пайдаланып, соған сəйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырап пен астамшылыққа жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мəдениеттің белгісі – орынсыз сəн-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Осындай реализм мен прагматизм – жаңа замандағы бүкіл адамзаттың даму логикасын анықтайды. Əр адамның жеке жоспары да, ұлттың даму стратегиясы осыны мықтап ескеру қажет. Прагматизм туралы айтатын болсақ, прагматизм өмір сүру сапасына, қоғамның дамуына және жаңа дәуірге қарай қозғалыстағы басты ұстаным екенін түсіну керек. Мағынасыз амбициялардан арылу керек, мағынасыз шығындардан, пайдасыз әрекеттерден, жаман әдеттерден және т.б. Осы көзқарасты ұстанған қазақстандық қоғам жаңа заманауи мәдениетті құра алады. Бұл әлемдік ғылым мен техниканың барлық заманауи идеялары мен жаңалықтарын бойына сіңірген мәдениет болады және мұнымен бірге ол халықтың тарихи дәстүрлері мен құндылықтарына негізделеді», - деді спикер.  


Оның айтуынша, бұл халықтың білім деңгейінің жоғарылауымен адами капиталды дамыту үшін тамаша жағдайлар жасайды, бүкіл дамуымыздың табысы да осыған байланысты болады.