06.12.2021 _ 16:40

Ғарыш саласы – инновациялық сала. 20-30 жылға арналған болжамдар дәл болмауы мүмкін

Күзде Аэроғарыш комитеті Байқоңырдың келешегін зерттеу жөніндегі қызметтерге 10 жылға тендер өткізіп, жұмыстарға 111 млн теңге бөлінгені белгілі болды. Көпшіліктің пікірінше, ғарыш айлағының 10 жылға дейінгі жұмыс перспективасын бағалау тым қысқа уақыт кезеңін қамтиды. Сондықтан әлеуметтік желілерде тендердің шынайы мақсаттары күдік тудырып отыр. Осы жағдайды қалай түсіндіресіз? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовке осындай сұрақ қойды.


Ведомство басшысы ғарыш саласы инновациялық сала ретінде өте тез өзгеретінін атап өтті. Жалпы, барлық салаларда болжам 10 жылға жасалады. Себебі 20-30 жыл ішінде бұл болжамдар дәл болмауы мүмкін.  


«Мұндай талдау жұмыстары жүргізіліп жатқаны рас. Егер Байқоңыр кешені мен Байқоңыр ғарыш айлағы туралы айтатын болсақ, қазір біз жүктеменің төмендегенін байқап отырмыз: ұшыру алаңдарының саны азаюда, бүгінде онда зымырантасығыштардың екі түрі ғана – «Протон» мен «Союз-2» пайдаланылады. Болашақта «Бәйтерек» бірлескен жобасы арқылы Байқоңыр ғарыш айлағын дамыту жоспарланған - бұл «Союз-5» зымыран тасығышына арналған «Зенит М» кешенін жаңғырту және «Гагарин стартының» №1 стартын жаңғырту. Бірақ біз үшін одан әрі инвестиция тарту үшін кешеніміздің дамуына жалпы қарауымыз қажет. Бұл маңызды. Бәлкім, біз дұрыс істемей жатқан шығармыз? Бұл зерттеу әлемнің басқа ғарыш айлақтарының қалай жұмыс істейтінін білетін, benchmarketing жасайтын шетелдік консалтингтік компаниялардың қатысуымен жүргізіледі және біз нақты ұсыныстар жасалады, олардың нәтижелері бойынша «Байқоңыр кешенін дамыту жөніндегі жол картасы» әзірленеді, негізгі қызмет түрі - ұшыру қызметі және ғарыштық туризм түріндегі қосымша қызмет болады деп ойлаймыз», - деді спикер.