07.12.2021 _ 16:00

Биылғы жоспар толық орындалды: 62 мың га жерге 130 млн дана көшет отырғызылды

2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында ел Президенті 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырды. Әкімдіктер ормандарды молықтыру мен орман өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарларын бекітті. Мемлекет басшысының тапсырмаларын кезең-кезеңмен іске асыру туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова айтып берді.

Оның айтуынша, 1,5 млрд астам ағаш жергілікті атқарушы органдардың күшімен, 251 млн ағаш министрліктің күшімен ұлттық парктер мен табиғи резерваттар аумағында егіледі, сондай-ақ табиғат пайдаланушылар мен өзге де бастамашыл топтармен 210 млн дана ағаш отырғызу көзделген. 

«Ағаштардың негізгі түрлері 70%-ға жуығы сексеуіл мен қарағай, қалғаны қайың, шегіршін және жеміс тұқымдары. Орман отырғызу мен ағаш егу жұмыстарының басым  бөлігі Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының тозған және шөлді жерлерінде 714 млн дана сексеуіл екпелерін отырғызу арқылы жүзеге асырылмақ. Ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде облыстар бойынша ағаш отырғызу көлемдері ғылыми ұсынымдар мен орман өсіру талаптарына сәйкес жоспарланған. Биылғы жоспар толығымен орындалды, 130 млн дана 62 мың га жерге отырғызылды. Олардың 80% сексеуіл мен қарағай», - деді ведомство өкілі.  


Ағымдағы жылы Кешенді жоспарға сәйкес жоспарланған жұмыстарды орындау үшін 12 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен - 4,6 млрд теңге және жергілікті бюджеттерден – 7,4 млрд теңге. 422 бірлік техника мен жабдық сатып алынды.