07.12.2021 _ 16:30

Қазақстанда климатымызға, табиғатымызға тән ағаштар ғана отырғызылады – Е.Құтпанбаев

Ағаштарды, ормандарды заңсыз кесудің алдын алу, қорғау бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спикерлерге осындай сұрақ қойылды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаевтың айтуынша, ақпарат министрлігімен бірлесіп, геоақпараттық жүйе әзірленді.


«Ол жерде 4 геопортал бар. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігін анықтау, орманды заңсыз кесуден қорғау, орманда заңсыз құрылыс жүйесін салу, сондай-ақ орманды жаңарту түрлері бойынша интерактивті карта жасалды. Биыл елімізде 111 заңсыз ағаш кесу жағдайы тіркелген, оның ішінде кесілген ағаштың көлемі 5 мың текше м құрады. Жалпы, келтірілген залал көлемі - 97 млн теңге. Мұның бәрін біздің инспекторлар анықтады. Сонымен қатар, 1 желтоқсаннан бастап қылқан жапырақты ағаштарды қорғау акциясы өтіп жатыр. Әр мекеме, әр ұлттық парк, әр қорық осы жұмыстарды атқаруда. Бұдан бөлек, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде ағашты кеспеу туралы ақпараттар көп беріледі», - деді спикер. 


Ерлан Құтпанбаев Қазақстанда тек елімізде өсіп, климатымызға, табиғатымызға тән ағаштар ғана отырғызылатынын атап өтті.