08.12.2021 _ 11:50

Жыл басынан бері Алматы экономикасы 5,5%-ке өсіп, 5,8 трлн теңгені құрады – қала әкімі

Биылғы жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 15%-ке өсіп, 873 млрд теңгеден асты. Құрылыста 22,2%-ке өсім қамтамасыз етілді. Бөлшек сауда көлемі 12,7%-ке артып, 3,3 трлн теңгені құрады, көтерме сауда – 2,3%-ке, 8,7 трлн теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері инфляция 7,6%-ті құрады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев осындай мәліметтерді келтірді.
Фото М. Золотухина

«Пандемияның барлық қиындықтарына және оған байланысты қабылданған шектеулерге қарамастан, Алматы өз әлеуетін арттыруды тоқтатпады және Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қалпына келтірудің жоғары қарқынын көрсетуде. Жыл басынан бері Алматы экономикасы 5,5%-ке өсіп, 5,8 трлн теңгені құрады. Бюджетке түсетін түсімдер 28,7%-ке, яғни 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Өнеркәсіпте 18% өсім қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін Индустриялық аймақта 4 жаңа жобаны іске қосу, 519 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл жобалардың қатарына ПТР-тест өндірісі бойынша шетелдік қатысуы бар маңызды жоба кіреді», - деді қала әкімі. 


Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 


«Алматы – капитал мен жеке бизнес қаласы екені баршаңызға мәлім. Қала экономикасының өсуін қамтамасыз етуде шағын және орта бизнес жетекші рөл атқарады, ол экономиканың барлық салаларында: қызмет көрсету, сауда, құрылыс және өнеркәсіп салаларында жұмылдырылған.  Жыл басынан бері шағын бизнеске несие беру көлемі 1,4 есе өсті. Қалалық бағдарламалар бойынша несиелеу бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 55%-ке өскенін атап өткен жөн. Қабылданған шаралардың арқасында жыл басынан бері шамамен 55 мың жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде жұмыссыздық 5,1%-ті құрайды. Үшінші тоқсанда орташа айлық жалақы 20%-ке көбейіп, 283,7 мың теңгені құрады», - деді спикер.