08.12.2021 _ 12:40

Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды

Алматының денсаулық сақтау жүйесі коронавирустың жаңа Омикрон штаммына дайын ба? Инфекцияның таралуын тежеу үшін қандай шараларды қолданасыздар? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа осындай сұрақ қойылды. Оның айтуынша, қазіргі кезде эпидемиялық жағдай тұрақты. Коронавируспен күресу үшін ауқымды шаралар қабылданды. Күнделікті өсім 0,2%-ті құрайды. Алматы қаласы жасыл аймақта. Қаланың денсаулық сақтау жүйесі тұрақты және жаңа жағдайларға дайын. Қазіргі таңда денсаулық сақтау объектілерін жабдықтау көрсеткіші 91,5%-ті құрайды, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері 100% жабдықталған.

«Алматыда 20 астам ПТР зертхана жұмыс істейді. Күн сайын 5 зертханадан алынған талдаулар ұлттық орталыққа және қалада жұмыс істеп жатқан оңтүстіккореялық әріптестерімібен бірлескен зертханаға жіберіледі. Бүгінгі күні омикрон штаммы анықталған жоқ. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Қорғаныс құралдары бар. Ауруханалар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған», - деді әкім. 


Спикер алматы қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа штамның таралуын болдырмауға дайын екендігін атап өтті. 


Оның мәліметінше, коронавирусқа қарсы егу науқаны басталған кезден бастап миллионнан астам алматылық вакцина алды. Балаларды, жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау үшін қалаға Pfizer вакцинасының 23,4 мың дозасы жеткізілді. Қазірдің өзінде ол 18,7 мыңнан астам адамға салынды.