09.12.2021 _ 11:50

Шымкент қаласының 5 жылдық даму жоспары әзірленді

Мемлекет басшысы жетістіктерді еселей түсу үшін басты бағыттарды белгілеп берді. Президенттің тапсырмаларын орындау үшін қаланың 5 жылдық даму жоспары әзірленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлім етті. Биыл 11 айда өнеркәсіп өнім көлемінің индексі 6,3%, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 63,6%, бөлшек сауда көлемі 9,8% артты.
иллюстративное фото с сайта inform.kz

«Экономиканың нақты секторына келетін болсақ, өнеркәсіп саласында есепті кезеңде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, жаңа 10 кәсіпорын іске қосылды. Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай, қалада жаңадан 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды. «Жұлдыз» индустриалды аймағында қазір инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Аймақта шамамен 200 млрд теңгеге 60 ірі заманауи кәсіпорын ашылады.  Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгіннің өзінде 100 млрд теңгеге 25 инвестициялық жобалардың пулы жасақталды. Ал «Стандарт» индустриалды аймағында шағын және орта бизнес субъектілерін шоғырландырады. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Мұнда 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде, шикізаттық емес экспорт көлемін 2021 жылғы 450 млн АҚШ доллардан 2025 жылы 700 млн АҚШ долларға жеткізу немесе 1,5 есеге ұлғайту көзделген», - деді спикер.

Шымкент әкімінің мәліметінше, шикізат емес секторда 5 жылда 608 млрд теңгеге жаңадан 62 жоба іске асады, жеңіл, фармацевтика, тамақ, химия, машина жасау өнеркәсіп салаларында жаңадан 30 өнім түрлері экспортталады, өнім шығару географиясы қазіргі 15 елден 2025 жылы 25 елге жеткізіледі.