09.12.2021 _ 12:00

Шымкент әкімі: алдағы 5 жылда ауыл шаруашылық өнімі көлемін 2 есеге арттыру көзделген

Президент өз Жолдауында агро-өндірісте қордаланған мәселелерді шешу қажеттігін айтты. Бұл бағытта 2 бірдей агроиндустриалды аймақ ашылады. Ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағында инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталды. Мұнда құны 23 млрд теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Сондай-ақ, 198 гектарға заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері аймағы құрылатын болады. Мұнда 8,2 млрд теңгеге 241 жұмыс орнымен 6 жоба іске асады. Нәтижесінде алдағы 5 жылда ауылшаруашылық өнім көлемін 2 есеге арттыру көзделуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлім етті.


«Мемлекет басшысының ұсақ ауыл шаруашылығы өндірушілердің, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың көтерме-тарату орталықтар жүйесіне қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша тапсырмасы аясында қалада 90 мың шаршы метр құрайтын 6 климаттық заманауи қойма жұмыс істеп тұр, қосымша сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың құрылысы жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы өндірушілермен өндірілген өнімдерін көтерме бағамен өткізу мақсатында 1 көтерме-тарату орталығы салынады. Одан бөлек, мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылға жергілікті бюджеттен жем-шөп шығындарын арзандатуға 248 млн теңге қаржы бөлінді. Биыл ауыл шаруашылық саласында 29 мың га егістік егіліп, 85 мың тонна өнім жиналды. Саланы қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 133 кәсіпкерге 2,6 млрд теңгеге субсидия бөлінді. Есепті кезеңде 14 млрд теңгеге 24 жоба іске қосылып, 336-ден астам жұмыс орны ашылды», - деді қала басшысы.