09.12.2021 _ 12:20

М.Әйтенов: медицина мекемелерінің материалды-техникалық базасын жаңарту деңгейі 81 пайызға жеткізіледі

Президенттің тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін салынатын 1000 мектептің әрбір 10-сы Шымкент қаласында салынатын болады, яғни 101 мектеп. Биыл 32 мектептің құрылысы жүріп, 11 764 орындық 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде апатты мектептер мәселесі толығымен шешіліп, 14 үш ауысымды мектептер саны 9-ға дейін азайды. 2025 жылы қалада үш ауысымды және мектебі жоқ шағынаудандар мәселесі де толығымен шешіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала басшысы Мұрат Әйтенов хабарлады.


Денсаулық сақтау саласында да қызмет сапасын арттыру қолға алынды.  


«Соңғы 2 жылда медицина мекемелерінің материалды-техникалық базасын жаңарту деңгейі 71,5 пайыздан 81 пайызға жететін болады. Одан бөлек, мемлекеттік медициналық ұйымдар 100 пайыз жаңадан компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Жеке инвесторлар есебінен 5 медицина және ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталықтары ашылады. Қазіргі таңда 2 емхана құрылысы, №1-ші ауруханадағы трансплантация орталығын жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Биыл 1000 орындық клиниканың құрылысын бастау үшін, жергілікті бюджеттен инженерлік инфрақұрылымын тартуға 835 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Әлеуметтік салада халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту көзделген. Есепті кезеңде «Еңбек» бағдарламасымен 32 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен бірге, экономика салаларында 24 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осының есебінен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны ағымдағы жылдың басындағы 36 мыңнан 11 мыңға дейін азайды», - деді спикер. 


Сонымен қатар, Шымкент қаласында мәдениет саласында кітап оқырмандарына жағдай жасау үшін 9 кітапхана модернизациядан өтті. «Шым қала» тарихи мәдени кешені ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оқушыларға қосымша білім беру үшін 6 мың бала тегін мәдени үйірмелермен және спорттың 14 түрі бойынша 10 мыңға жуық бала тегін қамтылды.