10.12.2021 _ 16:00

Солтүстік Қазақстан облысында 15 мектеп пен 47 медициналық нысан салынады

Білім беру саласында да оң өзгерістер көп. Биыл 4 млрд теңгеге 52 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Мектептерді жаңарту жұмысы үшінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Осылайша өңірдегі барлық мектептердің 64% жаңартылды. Балалар мен мұғалімдерге барынша жағдай жасалды. 84 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

«Облыс орталығында 900 балаға арналған қазақ тілді мектеп ашылды. Ауылдарда тағы екі мектеп салынады. Қалада 1,2 мың орындық мектептің құрылысы  басталады. Жалпы, алдағы жылдары өңірде 15 мектеп салынады. Заманауи зертханалары бар оқу-зертхана ғимаратының құрылысы жалғасуда. Әскери институтқа да жаңа ғимараттар құрылысы жүргізілуде. Әлемдегі ең үздік университеттердің бірі – Аризона университетімен келіссөздер жүріп жатыр. Солтүстікқазақстандық студенттер америкалық университеттің цифрлық білім беру ресурстарына қол жеткізе алады. Қос дипломдық білім беруді енгізу жоспарланған», - деді өңір әкімі. 


Бұдан басқа, заманауи көп салалы аурухана салынуда. Денсаулық сақтау саласында ауруханалар заманауи МРТ, КТ, ангиограф және рентген аппараттарымен жабдықталған. «Береке» және «Жас өркен» шағын аудандарында жаңа емханалар ашылады. Облысты кешенді дамыту жоспарына сәйкес, ауылдық жерлерде 47 медициналық нысанның құрылысы басталады. 


Президенттің тапсырмасымен облыста мемлекеттік спорттық тапсырыс жүзеге асырылуда. Облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Бүгінде 2100 бала түрлі спорт түрлерімен тегін айналысады. Облыста спорт инфрақұрылымы дамып келеді. Қазір 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр, екі хоккей корты ашылады.