10.12.2021 _ 16:30

Қ.Ақсақалов: біз үшін басты индикатор – үйдегі су. 4 жыл ішінде ауыл тұрғындарының 100% сумен қамтамасыз етіледі

2021 жылы СҚО-да жол желісін жөндеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Жол төсемі 813 км, оның ішінде елді мекендерде жақсарды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.


Өткен жылдағыдай, кентішілік жолдарды жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жалғасын тапты. 44 ауылда асфальт төселді. Биыл жақсы жолдардың үлесі 74% құрады.  

«4 жылда 98% жеткіземіз. Жөндеу жұмыстарымен 2,1 мың шақырым жол қамтылады, осы жолдардың бойында 350 ауыл бар. Өңір үшін өзекті мәселелердің бірі - сумен жабдықтау. 2021 жылы облыс бойынша қаржыландыру 1,8 есеге, 11,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. 49 елді мекенде ауыз судың сапасы артты. Біз үшін басты индикатор – үйдегі су. Бір жыл ішінде ауылдарда 159 км желі тартылып, 3 мың отбасы орталық сумен жабдықтауға қосылды. 18 ауыл қосылған Преснов топтық су құбырының екінші кезегі іске қосылды, онда 11 мың адам тұрады. Келесі жылы сумен жабдықтау саласына шамамен 9 млрд теңге бағытталады», - деді әкім.  


Алдағы 4 жылда 78 ауылда су мәселесі шешілетін болады. Ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету 83,5-тен 100% - ға дейін артады.