21.12.2021 _ 15:40

Экология министрлігі: жабдықтардың тозуы, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, көмірді пайдалану – жоғары ластанудың себебі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ведомствоның биылғы жұмысының қорытындысымен таныстырып, орта мерзімді даму перспективаларына тоқталды. Министрліктің жұмысы 4 негізгі бағыт бойынша жүзеге асуда. Олар: қоршаған ортаның сапасын жақсарту, геология, су ресурстары, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі.

«Биылғы экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларында ауаның ластану деңгейі жоғары екендігі мәлім болды. Жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, көмірді пайдалану – жоғары ластанудың себебі. Қалдықтармен жұмыс істеу саласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және стихиялық үйінділердегі проблемалар өзекті болып тұр. Жалпы, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Оның негізгі бағыттары бойынша түрлі алаңдарда бірнеше рет түсіндірме берілді. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы және өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша Жол карталары бекітілді. Олар бойынша жұмыс жүргізілуде. Кәсіпорындармен меморандумдарға қол қойылды. Осыған сәйкес ауаға шығарындылардың 20-30% дейін төмендету жоспарланған», - деді министр.