21.12.2021 _ 16:30

Биыл 62 мың га алқапта 130 млн ағаш отырғызылды

Президенттің бастамасымен елімізді ауқымды көгалдандыру қолға алынды. Оның аясында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу жоспарланған. Барлық өңірлерде ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарлары бекітілді. Тиісті Штаб құрылды. Биыл ағаш отырғызу жоспары толық орындалды. 62 мың га аумаққа 130 млн ағаш егілді, осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство басшысы Серікқали Брекешев мәлімдеді.
иллюстративное фото с сайта inform.kz

«2 млрд ағаш отырғызу бойынша цифрлық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында интерактивті карта жасалды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу бойынша жеке жұмыс жүргізілуде. Биыл егіс 100 мың га алқапта жүргізіледі, 2022-2025 жылдары жыл сайын 250 мың га алқапта егіледі. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде 1,1 млн га алаңда орман дақылдары егіледі, бұл шаң мен тұздың таралуын тоқтатуға, сондай-ақ өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», - деді министр. 


Экологиялық туризмді дамыту мақсатында жеке инвесторлар тартылды. Іле-Алатау ұлттық саябағында туристер орталығы салынды. Кэмпинг құрылысы басталды. Алтын Емел, «Көлсай көлдері» және Шарын ұлттық саябақтарында тиісті жұмыстар басталып кетті. Биылғы инвестиция көлемі 3,9 млрд теңгені құрады. Жақында Қарағанды облысында 14-ші «Ұлытау» ұлттық саябағы құрылды. 

«Орман заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту үшін Қылмыстық және Әкімшілік іс жүргізу кодекстеріне тиісті түзетулер әзірленді. Өкінішке орай, табиғатқа немқұрайлы қарау фактілері жалғасуда. Оған Қайыңды көлінің реликті ағаштарына деген қатыгездік дәлел. Бұл – табиғат сыйы! Табиғат, экология үшін жауапкершілік ең алдымен өзімізге жүктеледі», - деді министр ел тұрғындарын табиғат байлығына мейіріммен қарауға шақыра отырып.