21.12.2021 _ 16:40

Киіктер саны артуда – С.Брекешев

Тұяқты жануарлардың, әсіресе киіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін сақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, ақбөкен популяциясының 2019 жылы 334 мыңға қарағанда, 842 мыңға жеткен ұлғаю қарқынының оң динамикасы байқалады. Өсім 2,5 есе. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство басшысы Серікқали Брекешев мәлімдеді.

«Браконьерлікпен күрес мақсатында ІІМ және ҰҚК-мен бірлесіп «Ақбөкен» экологиялық акциясы өткізілуде. Профилактикалық іс-шаралар күшейтілді. Киіктерді және тағы басқа жабайы жануарларды аулауға мамандандырылған бірқатар қылмыстық топтар жойылды. Сондай-ақ, биылғы жылдың қыркүйек айында Ресей Федерациясымен киіктердің трансшекаралық популяциясын қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Орал киіктерінің популяциясын сақтау және басқару мақсатында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру жұмыстары жүргізілуде», - деді министр.