22.12.2021 _ 11:40

МСМ басшысы: саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Комиссия жұмысы аясында ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мемлекеттік архивтердегі жабық қорлардан ақпарат жинақтады.
МСМ басшысы: саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды

«ХХ ғасырдың саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыз үшін қасіретті кезең болды. Зұлмат жылдарда Қазақстанға Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. Қазіргі таңда Орталық мемлекеттік архивте сақталған құжаттардың заңды иелерінің қатысуымен (Прокуратура, Әділет министрлігі сияқты) саяси қуғын-сүргінге байланысты құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілуде»,- деді министр.